
Адaлдық дүкені
«Адалдық» дүкені дегеніміз не? Ол не үшін, және қалай жұмыс жасайды? Оның мақсаты неде?
Мақсаты: Адалдық дүкені – оқушылар арасында адалдық, жауапкершілік және сенімділік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған жоба. Дүкенде кассирсіз, өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі қолданылады, бұл балаларды адал төлем жасауға және өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік алуға үйретеді.
Міндеттері:
- Оқушыларға адалдық пен тәртіпті өмірлік дағды ретінде үйрету. Сенім негізінде жұмыс істеу арқылы қоғамдағы сенімділік құндылығын нығайту.
- Балаларды өз әрекеттерінің салдарын түсінуге және өздігінен шешім қабылдауға баулу.
- Тәрбие мен білім беру процесіне жаңашыл, қызықты әдістер енгізу.
Дүкеннің жұмыс принципі: Оқушылар дүкенге келіп, өздеріне қажетті тауарларды таңдайды. Әрбір тауардың бағасы анық көрсетілген. Төлем жасау арнайы қорапқа салу арқылы жүзеге асырылады. Тауарды алған оқушылар төлем жасауды өз адалдығына сүйеніп орындайды.
Адалдық дүкенінде қандай тауарлар бар?
Кеңсе заттары: қалам, дәптер, өшіргіш, сызғыш қарындаштар.
Кішігірім мектеп аксессуарлары: блокноттар, кәдесыйлар, стикерлер. мектеп сөмкелері.
Дүкеннің артықшылықтары:
Кассирдің болмауы арқылы оқушылардың өзіндік тәртіп пен адалдық танытуына мүмкіндік беріледі. Жұмыс процесі қарапайым әрі сенімге негізделген. Оқушылардың жауапкершілік сезімін арттыруға көмектеседі.
Тәрбиелік мәні: Адалдық дүкені – оқушыларды тек материалдық тұрғыда емес, рухани жағынан да дамытатын ерекше құрал. Бұл жоба арқылы олар қоғам алдындағы міндеттерін түсініп, болашақта сенімді әрі адал азамат болып қалыптасады.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында мектептің бос аймақтарын оқушы игілігі үшін пайдалану туралы ойларымыз жүзеге асып келеді. Адалдық алаңының мақсаты:
- Жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар аясында өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу;
- Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру;
Оқушылардың бойында әділдік және адалдық құндылықтарын тәрбиелеу мақсатында мектебімізде «Адалдық дүкені» 2018 жылдан бастап жұмысын жүргізіп келеді. 2018 жылы мектебімізде «Адалдық дүкені» шағын аймақтан басталса қазіргі таңда үлкен алаңға айналып отыр. Алаң аумағына «Адалдық дүкені», «Еңбек бәрін жеңбек» ағашы, «Демалыс алаңы» кіреді.
«Еңбек бәрін жеңбек» ағашы оқушыларға қандай да болмасын жақсы нәтижеге жету үшін адал еңбекпен қол жеткізу керек екенін түсіндіреді.
Оқушыларға сабақтан тыс және үзіліс арасында арнайы «Демалыс алаңы» ұйымдастырылған. Бұл жерде құстар бейнеленген. Құстар – махаббат пен сенімнің, тазалық пен кіршіксіздіктің, мейірімділік пен ержүректіліктің, бейбітшілік пен тыныштықтың, қайсарлық пен еркіндіктің және еңбекқорлықтың белгісі ретінде сипатталады.
«Адалдық дүкенінде» мұғалімдер мен оқушылар өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өздеріне қызмет көрсетеді. Сауда орнының басты ерекшелігі де осы. «Адалдық дүкенінің» — оқушыларымыз үшін тәрбие мекені болатынына сеніміміз мол.
Сонымен қатар Адалдық алаңын ұйымдастыру барысында «Ұлы дала ұлыларының» негізгі 4 құндылықтарын, яғни Адалдық, Сенім, Парасаттылық, Әділдікті ұштастыра отырып ұйымдастырдық.