Ұлы Абай 32-ші сөзінде былай деген:
«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас.
Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім – ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады»
Бұл сөздермен ұстазымыз, физика пәнінің мұғалімі Алтаев Нұрлан Алтайұлын сипаттауға болады. Оны шәкірттері ғана емес, қала мектептерінің мұғалімдері мен мектеп ата-аналары да жақсы біледі және жақсы көреді. Әр жолы Нұрлан Алтайұлы сабақ беру және эксперимент жүргізу үшін шығармашылық идеяларымен таң қалдырады.
7-8 желтоқсан күндері Алматы облысының Қонаев қаласында «Олимпиада есептерін шешудің тиімді жолдары» атты республикалық семинарға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп, Нұрлан Алтайұлы Алғыс хатпен марапатталды.
Академик Мұхтарбай Өтелбаев, атақты елордалық математик Тердікбай Күшай сынды да дарынды тұлғалармен бірге өткізген күндер жас ұстазымызға жаңаша шабыт пен жаңа идеялардың тууына себепкер болады деп ойлаймын.
Сәттілік сізге, Нұрлан Алтайұлы! Кәсіби Олимптың ең биік шыңдарына жетіңіз!
Осындай қажетті және пайдалы семинарға қатысуға мүмкіндік берген Астана қаласының Әдістемелік орталығының әдіскері Қанымай Өзбекбайқызы Нұртаеваға үлкен алғысымызды білдіреміз!