«Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз.»

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе-ас бер,он жыл қалғың келсе-ағаш отырғыз,ал мәңгі қалғың келсе-бала тәрбиеле», -дейді қазақ халқы. Мен үшін мұғалім-мамандық болса,ұстаздық қасиет-табиғат дарытқан,барлық адамға беріле бермейтін құдірет екен. Жүрегіңе жарық беріп,бойыңа күш-қуат дарытып,алға қарай сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет.

Кейде әрбір адам өз өмірінде үлкен таңдау жасауға тура келеді. Ең қиын таңдаудың бірі — мамандық таңдау. Өзің армандаған жетістікке жету үшін, өмір бойы жаныңа азық болатын мамандықтан қателеспеу керек. Ал еліміз бен жеріміздің,ана тіліміздің,ең бастысы болашағымыздың мерейін өсіретін ұстаздық істе адал болу-абыройлы іс.

Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты менде таңдадым. Мектепте жұмыс жасап жатқаныма көп уақыт болған жоқ,бірақ ұстаздық- биік мақсаттарға жетудегі ізденіс пен жан-жақтылықты, шығармашылықты талап ететін  мамандық екенін түсіндім. Осы қысқа уақыттың ішінде  қарапайым жаннан оқушы жүрегінен ойып тұрып орын алатын ерекше жанға, мектептің бір бөлігіне айналып үлгергендеймін. Ұстаздың жасаған әрбір қадамынан,сөйлеген әрбір сөзінен оқушы үлгі алатындай жан болуы керек.

Сол себептен, ұстаз өзінің мамандығын толық жан-дүниесімен беріліп сүйіп және оған бар өмірін, арнауы керек. Сонда ғана өзі қалаған нәтижеге жете алады.Мен шәкірттерімді көргенде өз еңбегіме деген ризашылық пен ерекше қуану сезімін байқаймын. Одан әрі шабыттанып,махаббатпен алға ұмтыла отырып,жаңа деңгейге жеткім келіп тұрады.

Жаңа ХХI ғасырға сай өзгеше қабілетке ие жастар өсіп келеді. Осыған орай ұстазға жаңа талаптар қойылып отыр. Дәл осы сынды жауапкершілікті арқалаған мұғалім өз сабағына қатысты үнемі білімін жетілдірумен,сабақ берудегі шеберлігін дамытып отыруға міндетті деп есептеймін. Себебі, жас ұрпаққа білім беруде оқушының тұлғалық деңгейін қалыптастырып, инновациялық әдіс-тәсілдерді мейілінше көп қолдануды қажет етеді. Білім саласындағы өзгерістерді енгізіп,көштен қалмай бірге жүруге тура келеді. Сонымен қатар,жаңа технологияларды толық меңгеріп, оны әрбір шәкірт бойына қызықты етіп,сабаққа деген қызығушығын арттыра отырып үйрету қажет.Сабақ барысында ақпарттық технологияларды белсене қолдану (интербелсенді тақта, ғаламтор, планшет т.б) қажет. Жалпы жаңартылған бағдарлама төңірегінде, жаңаша мектеп, жаңаша ұстаз қалыптастыру қажет.

Сондықтан да ұстаз жан-жақты болуы абзал. Өз пәніне ғана емес, мәдени жағынан да оқушыларымен тынымсыз жұмыс жасауы қажет.

Қазақстанның жарқын болашағы үшін білім беру саласындағы жастардың  білімді, саналы тұлға болып қалыптасуына өз үлесімді қосамын деген ойдамын. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі –

жылы адам. Қысқаша айтқанда, ХХІ ғасыр — білімділер  мен көшбасшылар ғасыры. Ендеше, егемен Қазақстанға ой өрісі жоғары дамыған, білімді, жан-жақты ұрпақты оқытып тәрбиелеу қажет екенінін жадымыздан шығармайық!