Бүгін Сырбай Мәуленовтің шығармашылығын дәріптеу және мәдени мұрасын ұлықтау мақсатында «Сырлы Сырбай кеңістігі» салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне құрметті қонақтар — ақын шығармашылығын жан-жақты зерттеушілер мен ұстаздар, оқушылар қатысты. Лентаны қию құрметі қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан Серік Тұрғынбекұлы мен Серік Негимовке берілді.
Ресми шара барысында қатысушылар «Сырлы Сырбай» кеңістігін аралап көріп, ақынның өмірі мен поэзиясына арналған заманауи 3D форматтағы көрмемен танысты. Бұл көрме бірнеше бөлімнен құралған:
«Соғыс сойқаны» – Сырбай Мәуленовтің майдандағы ерлігі мен елге деген махаббатын жырлаған өлеңдері арқылы соғыс жылдарының көрінісі.
«Оқжетпес, Бурабай» – ақынның табиғат сұлулығын жырлаған шығармаларына арналған 3D композиция.
Ақынның поэзиялық жинақтары мен кітаптарының 3D макеттері оқырмандарға шығармаларды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Ақынның өмір жолы мен шығармашылық кезеңдерін көрсететін стенд.
Сырбай Мәуленовтің 3D портреті және шығармашылығының символы ретінде орнатылған шам-шырақ.
«Сырлы Сырбай» кеңістігінің көркемдеуші жетекшілері ретінде көркем еңбек пәні мұғалімдері Ерлан Ахметкалиев, Жарқын Ермаганбетов пен Қайрат Елеу аталды.
Бұл кеңістік — ұлт руханиятының алтын көпірі, жас ұрпақты әдебиетке баулып, қазақ поэзиясының жан-дүниесін терең сезінуге бағытталған мәдени ошағы болмақ.







